top
top
Жаңалықтар

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде пилоттық күн электр станциясының ресми іске қосылуы  

Қазақстан Республикасы, Ақтау қ. 2019 жылғы 6 қыркүйекте, жаңа оқу жылының алғашқы күндерінде, Ақтау қаласындағы химиялық-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің аумағында пилоттық күн электр станциясының іске қосылуының ресми рәсімі өтті. Рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова және «Шелл Қазақстан» компаниясының өкілдері қатысты.

Күн электр станциясы құрылысының жобасын «Шелл Қазақстан Б.В.» компаниясы «Мектептерге күн энергиясы» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының әкімдігі, ҚР Энергетика министрлігі және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қолдауымен жүзеге асырды. Орнатылған күн жүйесі мектептің жылдық энергия тұтынуын 30 %-ға дейін қамтуға және қалалық желіге артық өндірілген электр энергиясын жіберуге мүмкіндік береді, бұл электр энергиясын тұтыну шығындарын айтарлықтай азайтады.

Сондай-ақ жоба жас ұрпақтың нақты ғылымдарды зерттеу бағдарламаларына (STEM) қызығушылығын ынталандыруға және жаңа ойлау технологияларына негізделген Shell NXplorers білім беру бағдарламасын іске қосу арқылы қалпына келетін энергия көздері саласындағы артықшылықтар мен жаңа мүмкіндіктер туралы білімін жоғарылатуға бағытталған.

Осы жоба аясында күн жүйесі бірінші болып орнатылған мектеп Нұр-Сұлтан қаласындағы физикалық-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі болды. «Шелл Қазақстан» компаниясы мектеп аумағында фотоэлектрлік күн панельдерімен жабдықталған арнайы тұрақтар орналастырды. Жобаны ресми түрде іске қосу рәсімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен 2018 жылғы 1 желтоқсанда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығын мерекелеу аясында өтті. 2019-2020 жылдары «Шелл Қазақстан» компаниясы Орал, Алматы және Атырау қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне де күн электр станцияларын орнатуды жоспарлайды.

Ресми рәсімнен кейін жобаға қатысушылардың өкілдері бірауыздан бұл бастаманың Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшудегі күш-жігерін одан әрі қолдау мақсатында ерекше маңыздылығын атап өтті.

Маңғыстау облысының әкімі Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы: «Бұл жобаны іске асыру бүкіл облыс үшін үлкен маңызға ие. Ол Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздері саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша күш-жігерін қолдай отырып, өңірдегі энергияның аз генерациясы жобаларының саласын одан әрі дамыту үшін өзіндік тұғырнама болуы тиіс»


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова: «Зияткерлік мектептерде екінші жыл жүзеге асырылатын «Мектептерге күн энергиясы» жобасы біз үшін басымдық болып табылады. Бұл STEM-білім беруді енгізу үшін және ең бастысы, оқушыларымыздың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеу үшін табысты жоба. Бүгінде орнатылған күн жүйелері мектептердің энергия тұтынуын шамамен төрттен бір бөлікке төмендетуге мүмкіндік береді және бұл жасыл экономиканың жаһандық мәнін дәлелдейтін сендірерлік көрсеткіш».


«Шелл Қазақстан» компаниясының коммерциялық мәселелер жөніндегі бас менеджері Эйден Мерфи: ««Шелл» компаниясы - Қазақстанның энергетикалық жобалар бойынша бұрыннан келе жатқан серіктесі, қазіргі уақытта біз Қазақстанға «жасыл экономикаға» көшуге көмектесу үшін бар күшімізді салып отырмыз». Біз үнемі білім беру саласындағы жаңа идеяларды іздейміз және Қазақстанда «жасыл энергияны» енгізу бойынша жобалар әзірлейміз. «Мектептерге күн энергиясы» жобасы сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында жергілікті компаниялардың біліктілігін арттыра отырып, шағын және орта бизнестің әлеуетін дамытады.»


Анықтама үшін:

«Шелл» - энергетикалық және мұнайхимиялық компанияларын біріктіретін халықаралық концерн, штаб-пәтері Нидерландтарда, Гаагада орналасқан. Қазіргі уақытта «Шелл» Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады. «Шелл» концерні төрт жобаға қатысады. Бұл – Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім (қатысу үлесі – 16,81%), Каспий теңізінің қазақстандық секторында «Меруерт» лицензиялық телімін игеру бойынша ӨБК (қатысу үлесі – 55%), Қарашығанақ кен орнының өнімін бөлу туралы түпкілікті келісім (қатысу үлесі – 29,25%) және Қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға жеткізетін Каспий құбыр консорциумы (қатысу үлесі – 7,4%).

БАҚ үшін байланыс тұлғалары:
Шелл Қазақстан –
Ерлан Қасым: yerlan.kassym@shell.com, 8 701 747 0166
Маңғыстау облысының әкімдігі. –
ҚР Энергетика министрлігі – 976883@gmail.com; 8 7172 78-68-83
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ: Мира Алипинова, 8 701 513 9327:
alipinova_m@nis.edu.kz, Назерке Ғалым, 8 775 557 27 77, galym_n@nis.edu.kz


1_.jpg

2_.jpg

3_.jpg

4_.jpg

5_.jpg
Мекенжайы:
Астана, Қабанбай батыр 17, Б блогы
Сайт картасы
KAZENERGY 2005 - 2024 © Барлық құқықтар сақталған.