2025 жылдың 6 қарашасында «KAZENERGY» қауымдастығы Өзбекстан Республикасының Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық агенттігі жанындағы Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту институтының делегациясын қабылдады.
Шетелдік қонақтардың сапары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жанындағы Ұлттық біліктілік органы арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында қауымдастықпен кездесу жоспарланған болатын, себебі «KAZENERGY» Қазақстандағы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мен енгізу ісінде белсенді рөл атқарып келеді.
Кездесуге Қазақстан тарапынан Энергетика министрлігі, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілдері қатысты.
Қауымдастықтың атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина қатысушыларға алғысын білдіріп, ұлттық біліктілік жүйелерін дамыту және Орталық Азия елдері арасындағы үздік тәжірибемен алмасу бағытындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қауымдастықтың кәсіби стандарттарды әзірлеу мен жаңарту, салалық біліктілік шеңберлерін қалыптастыру, сондай-ақ мұнай-газ, мұнай-химия және мұнай өңдеу салалары бойынша салалық кеңестің жұмысы туралы атқарған істері таныстырылды. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Өзбекстан Республикасы ҰБЖ дамыту институтының өкілдері өз елінде жүзеге асырылып жатқан жобалар, нормативтік-құқықтық база және басым бағыттар туралы ақпарат берді. Өзбекстандық тарап қауымдастықтың тәжірибесіне үлкен қызығушылық танытып, біліктілік анықтамалықтарынан кәсіби стандарттарға көшу кезеңі, ұлттық және салалық біліктілік шеңберлеріндегі біліктіліктің орны, сондай-ақ формалды емес және бейресми білімді мойындау арқылы біліктілікті валидациялау мәселелеріне назар аударды.
Кездесу соңында тараптар біліктілік жүйесін дамыту, әдістемелік тәсілдер мен кәсіби стандарттарды әзірлеу құралдары бойынша тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.
