9 желтоқсанда Қауымдастық алаңында ӨСАБ Басқарма Төрайымы Хелен Кларк KAZENERGY қауымдастығының Төрағасы Мағзұм Мырзағалиевпен және Қазақстанның мұнай және газ кен орындарында жұмыс істейтін ұлттық компаниялар мен трансұлттық корпорациялар қатарынан KAZENERGY-ге мүше компанияларының өкілдерімен кездесті.
Іс-шара табиғи ресурстарды басқарудағы ашықтық пен оны жауапты басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Кездесу шеңберінде деректерді ашу тетіктерін жетілдіру, мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру және ӨСАБ шеңберінде Қазақстанның ұстанымын нығайту перспективалары қаралды.
KAZENERGY Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде: «Қазақстан көмірсутектер мен уранның әлемдік жетекші өндірушісі ретінде табиғи ресурстарды басқаруда барынша ашықтық пен есептілікке ұмтылады. ӨСАБ-мен әріптестік арқылы біз ашықтық стандарттарын көтеруге, іскерлік ахуалды жақсартуға және Қазақстанның халықаралық аренадағы оң имиджін нығайтуға ниеттіміз», - деді.
ӨСАБ Халықаралық хатшылығының басшылығы өз тарапынан KAZENERGY мүшелерінің халықаралық бастаманы іске асыруға қатысуын оң бағалады. «Хатшылықтың бағалауы бойынша өндіруші компаниялар ақпаратты ашу тұрғысынан да, ӨСАБ Ұлттық кеңесінің жұмысына қатысу тұрғысынан да ӨСАБ-ға толық көлемде белсенді және тиімді қатысты», - деп атап өтті Хелен Кларк ханым. Ол сондай-ақ ӨСАБ бойынша KAZENERGY қауымдастығына мүше компаниялардың есептілікті ұсынуын цифрландырудың жоғары деңгейін де атап өтті.
Кездесуге қатысушылар компаниялардың ӨСАБ қызметіне қатысуын жандандыру бастаманы іске асырудың тиімділігін арттыруға және Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы рөлін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу біздің тұрақты дамуға деген ұмтылысымызды растады. KAZENERGY-ге мүше компаниялардың белсенді қатысуы ӨСАБ-мен нәтижелі ынтымақтастықта және Қазақстанның өндіруші салалары үшін тұрақты болашақты қалыптастыруда шешуші рөл атқарады», - деп сөзін түйіндеді М. Мырзағалиев.
Кездесу нәтижелері KAZENERGY Қауымдастығы мен оның мүше компанияларының Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктегі орнықты даму және ашықтық саласындағы көшбасшы ретіндегі беделін нығайта отырып, ӨСАБ-мен белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындығын растады.
Анықтама ретінде:
ӨСАБ - бұл мұнай-газ және тау-кен секторларында ашықтық пен есептілікті арттыруға бағытталған халықаралық стандарт. Негізгі мақсаты - компаниялардың төлемдері мен үкіметтердің табиғи ресурстарды өндіруден түсетін түсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, бұл ресурстарды жауапты басқаруға ықпал етеді.
Қазақстан ӨСАБ стандарттарын орындауға 2007 жылдан бастап қосылды.
Халықаралық бастаманы іске асыруды Мүдделі тараптардың ұлттық кеңесі жүзеге асырады, оған бейінді министрліктер мен ведомстволардың, салалық қауымдастықтардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары кіреді. KAZENERGY қауымдастығы мұнай-газ компаниялары мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мүдделерін білдіреді.
Кеңестің қызметін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі атынан Ұлттық Хатшылық үйлестіреді.
Хелен Кларк – ӨСАБ Басқарма Төрағасы, Жаңа Зеландияның бұрынғы Премьер-Министрі (1999-2008жж.) және БҰҰ Даму бағдарламасының бұрынғы әкімшісі (2010-2017жж.). Ол тұрақты даму, ашықтық және есеп беру мәселелерін белсенді түрде насихаттайтын жаһандық саясаттағы беделді тұлға.
![WhatsApp-Image-2024-12-09-at-23.28.03.jpg WhatsApp-Image-2024-12-09-at-23.28.03.jpg](/upload/medialibrary/676/67674daad468f5c33b06264bc8cf7ebd.jpg)