26-шы Дүниежүзілік энергетикалық конгресс Роттердам қаласында (Нидерланды) өтті. Қазақстандық делегация құрамына «Самұрық-Энерго» АҚ Аппарат басшысы Ерген Шалин және KAZENERGY Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Мадияр Балықбаев кірді. Қауымдастықтың бастамасымен Конгресс аясында екіжақты кездесулер өтті.
Қазақстан Ұлттық комитетінің өкілдері Дүниежүзілік энергетикалық кеңестің Төрағасы Майк Ховардпен, сондай-ақ ДЭК Бас хатшысы Анжела Уилкинсонмен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында ДЭК-ке энергетика саласындағы Қазақстан бастамаларын дәйекті қолдағаны үшін алғыс айтылды.
Өз кезегінде, М.Ховард Қазақстанның жаһандық конгреске қатысуының маңыздылығын атап өтіп, Ұлттық комитеттің Дүниежүзілік энергетикалық кеңес қызметіне қосқан зор үлесін жоғары бағалады.
Сонымен қатар Конгресс барысында БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика жөніндегі бас сарапшысы Ива Бркичпен кездесу өтті. Ол KAZENERGY-ді БҰҰ мамандандырылған мекемесінің Орталық Азиядағы тұрақты энергетика мәселелері жөніндегі негізгі әріптесі ретінде қарастыратынын айтты және Қауымдастыққа БҰҰ ЕЭК Қазақстанда іске асырылатын жобалары мен бастамаларына үздіксіз қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Тараптар әділ энергетикалық ауысу мәселелерін де талқылады.
Сондай-ақ қазақстандық делегация Конгресстің Пленарлық отырысына қатысты, оның барысында қатысушылар әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізу мәселелерін талқылады.
26-шы Дүниежүзілік энергетикалық конгресстің қорытындысы бойынша ДЭК-тегі Қазақстанның ұлттық комитеті осы салалық бірлестікпен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады және Қазақстан Республикасында ДЭК өңірлік хабын құру туралы ұсынысты қарастырады.
Жалпы, Дүниежүзілік конгресс жұмысына әлемнің 150 елінен 7 мыңнан астам делегат, оның ішінде 70 мемлекеттің бейінді министрліктерінің басшылығы, БҰҰ мекемелері мен халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдегі 100-ден астам жетекші энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысты.