2025 жылғы 10 қарашада «KAZENERGY» қауымдастығы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алаңында өткен ұлттық біліктілік жүйесін іске асыру мәселелеріне арналған оқыту семинарына қатысты.
Іс-шарада қауымдастықтың атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның сарапшылары баяндама жасады.
Ләззат Ахмурзина Қазақстандағы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бағытындағы негізгі қадамдарды атап өтіп, кәсіби стандарттарды әзірлеу тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар Энергетика министрлігінің қолдауын және ұлттық біліктілік шеңберіндегі жаңалықтарды атап өтті.
Семинар барысында сарапшылар 2025–2030 жылдарға арналған кәсіби стандарттарға кезең-кезеңімен көшу алгоритмін таныстырып, жаңартылған ұлттық біліктілік шеңберінің негізгі ережелерін түсіндірді.
«KAZENERGY» қауымдастығы энергетика саласындағы компанияларға ұлттық біліктілік жүйесінің құралдарын түсіндіру және ілгерілету бойынша жұмысын жалғастыратын болады.
